Мұнда қолөнер, көркемсурет, музыка, робот жасау, ІТ-технология секілді түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар сарайының директоры қарияларды жан-дүниесіне сай келетін үйірмелерге жазылуға шақырды.
«Қарттар да оқушылар секілді. Тек олардың өмірінде оқудың екінші кезеңі басталып жатыр. Құрметті демалысқа шыққан қариялар бос уақытты пайдалы істерге арнауға тырысады. Оқушылар сарайына немерелерін жетектеп келетін ата-әжелер көп. Олар немерелерін дәлізде күтіп отырғанша, көңілі қалаған үйірмелеріне баруға мүмкіндік бар. Біздің есігіміз қашанда ашық», – деді Оқушылар сарайының директоры.
Шынында да, Талдықорғанда қарт адамдарға арналған орталықтар жетіспейді. Бұл ретте облыс әкімі қарттарға арналған сауық орталығын ашуға уәде берген еді. Онда түрлі клубтар, би залы, фитнес жабдықтары, емдеу бөлмелері болады деп күтілуде. Бірақ мұның бәрі келер жылы жүзеге асырылмақ.
«Бүгінгі кездесу қарттардың көңілінен шықты. Әрқайсысы өздерінің жан дүниесіне сай келетін үйірмелерге жазылды. Осы орайда Оқушылар сарайының басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ қарттарға қамқорлық танытуды көздеген «Үлкенге құрмет» жобасы да көпшіліктің көңілінен шығуда», – деді Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы Сәуле Биғарова.